Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен “Газпром” ЖАҚ Басқарма төрағасы Алексей Миллердің кездесуі өтті. Тараптар газ саласындағы, оның ішінде газ өңдеу саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырып, “Хвалынский” және “Имашев” кен орындарын игеру жөніндегі келіссөздерді қайта бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, 2003 жылдың сәуір айында ҚазМұнайГаз бен Лукойл компаниялары арасында Каспийдегі Хвалынский кен орнын бірлесіп игеру қағидттары туралы келісімге қол қойылды. Оны игеру үшін 2005 жылы бірлескен кәсіпорын құрылды. 2013 жылы Қазақстанның Атырау облысы мен Ресейдің Астрахань облысы арасындағы шекаралық аймақта Имашев кен орнының учаскесін игеру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Осы жылдың қыркүйегінде өткен Ресей мен Қазақстанның XVII өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ресейлік әріптесі Владимир Путинді Имашев және Хвалынский газ кен орындарын игеру мәселелері бойынша тезірек келісімге келуге шақырды.

Санкт-Петербургтегі кездесу барысында Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей бүгінде газ өңдеуге баса назар аудара отырып, мұнай-газ кен орындарын белсенді игеруге бағыт алды. “Бұл үшін біз көмірсутектерді барлау мен өндіруді ынталандыратын бірқатар фискалдық және реттеуші преференциялар әзірледік. Соңғы жылдары ел ішінде газ тұтыну күрт өсіп отыр және көмірден газға көшуді, сондай-ақ газ химиясының дамуын ескерсек, ол тұрақты түрде одан әрі өсетін болады”, – деп атап өтті министр.

Газпром басшысы Алексей Миллер компания жобаларға қызығушылық танытып, оларға қатысу шарттарын талқылауға оралуға дайын екенін айтты.

Xvalinskoe