IMG_3114

9 қарашада «ҚазТрансГаз» АҚ-ның 100% акциясы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-дан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның пайдасына түпкілікті берілді. Бұған дейін ҚазМұнайГаз ҚазТрансГаздың бенефициарлық меншік иесі болған. Тиісінше ҚазМұнайГаз бен Самұрық-Қазына арасында 2021 жылғы 11 наурызда жасалған сенімгерлік басқару шартының қолданылуы тоқтатылды.

Мәміле алдында бірқатар заңды және қаржылық шарттарды орындау, оның ішінде ҚазМұнайГаз кредиторларының және тиісті мемлекеттік органдардың келісімдерін алу және ҚазМұнайГаздың кредитор банктерімен, оның ішінде жеке қарыздарды қайта қаржыландыру арқылы келісу болғанын айта кеткен жөн.

ҚТГ акцияларын Қорға беру 2020 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» қорын басқару жөніндегі кеңестің тапсырмасын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылдың 26 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық операторды құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылды.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газ операторы толыққанды тігінен интеграцияланған ұлттық газ компаниясына айналуы үшін ресейлік «Газпром» ЖАҚ-қа ұқсас «ҚазТрансГаз» АҚ-ны трансформациялау туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын.

Соңғы уақытта әлемдік масштабтағы газдың рөлі айтарлықтай өсті. «Көгілдір» отын жаңартылатын энергия көздерінің дамуына қарай көміртексіз экономикаға көшуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды отын түріне айналып отыр.

ҚР Үкіметінің жоспарына сәйкес электр және жылу өндіруді көмір мен дизель отынынан газға ауыстыру экологияны жақсартуда маңызды рөл атқаратын болады. Газ генерациясы есебінен энергия өндіру үлесі екі есеге – 20% – дан 40% – ға дейін артады. Көлік үшін экологиялық таза отын ретінде газдың үлесі елеулі ұлғаяды. Газды терең өңдеу экономиканы әртараптандыру үшін үлкен маңызға ие болады.

Компанияның таяу арада шешуі қажет негізгі міндеттері – бұл газдың ресурстық базасын жедел ұлғайцту, тауарлық газ өндірісін ынталандыру, жаңа кен орындарында геологиялық барлау және газ өндіруді ынталандыру, газ тасыалдау және газ тарату инфрақұрылымын модернизациялау.

Еске салсақ, ҚТГ 2002 жылдан бастап ҚМГ құрамында болды. Бұл ретте ҚТГ активтері 125 млрд теңгеден 2,5 трлн теңгеге 20 еседен көп өсті, капитал 61 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге артты, түсім жылына 85 млрд теңгеден 900 млрд теңгеге дейін көбейді. ҚТГ құрылған сәттен бастап Қазақстанда 10 мың шақырымнан аса магистралды газ құбырлары салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ҚТГ 20 мың шақырымнан астам магистралды құбыр жолдарын және 56 мың шақырымнан аса газ тарату желілерін басқарып отыр.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі