Солтүстік Каспий Жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы мен «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Қашаған кен орнынан шикі газды өңдеу қуатын 2 млрд. м3-ге ұлғайтуды көздейтін 2022-2023 жылдар кезеңінде Қашаған кен орнының 2А Кезеңін базалық жобалау бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылғанын хабарлайды.
2A Кезең жылына 2 миллиард текше метр күкіртті газды өңдеу есебінен Қашаған кен орнынан мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 50 000 баррельге ұлғайтуды көздейді.
2A Кезеңін іске асыру үшін NCOC операторына күкіртті газды қолданыстағы трассамен тасымалдау үшін екі газ құбырын салу қажет: біріншісі – Қашаған теңіз кешенінен «Болашақ» МГКДҚ-ға (мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы) дейін және екіншісі «Болашақ» қондырғысынан 1 млрд. м3 көлемінде газ өңдейтін салынып жатқан зауытқа дейін. Сонымен қатар теңіз және жерүсті кешендерінің қолданыстағы құрылыстарын жаңғырту жұмыстарының шағын көлемін орындау көзделеді.
Жоба 1 млрд. м3 көлемінде газ өңдейтін салынып жатқан зауыт (ГӨЗ) жобасына қосымша қуаттылығы жылына 2 миллиард текше метрге дейінгі күкіртті газды өңдейтін жаңа ГӨЗ салуды көздейді.
Бұл жоба – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке және «Самұрық-Қазына» Қорына тауарлық газ өндіру үшін ресурстық базаны ұлғайту және нарықты реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу бойынша берген тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылады. «Газ тапшылығының пайда болу қаупі бар. Көмірсутек шикізатын қарқынды игеру мен Ұлттық қорды толықтыру үшін жаңа ынталандырулар қажет. Үкіметке мұнай – газ химиясы өндірістерінің құрылысын жеделдету үшін шаралар қабылдауды және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті 2021 жылғы 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
NCOC басқарушы директоры Оливье Лазардың айтуынша, қазір ҚазТрансГаз газды өңдеу қуатын арттыру бойынша өте маңызды жобаны жүзеге асыруда. «Қазақстандық газ компаниясы бұл бағытта үлкен қадамдар жасауда. Газдың рөлі жыл сайын артып, көмірден газға көшу жүріп жатқандықтан, біздің алдымызда үлкен бірлескен жұмыс тұр. Қазір біз Қашаған кен орнын одан әрі игерудің маңызды кезеңінде тұрмыз. 2A Кезеңі бойынша түпкілікті шешім қол қойылған келісім аясында жүзеге асырылатын базалық жобалау нәтижелері негізінде анықталады».
Аталған жобаны іске асыру Атырау өңірінің әлеуметтік-экономикалық өсіміне, газдың ресурстық базасының артуына айтарлықтай ықпал етеді және бүкіл Қазақстан экономикасының дамуына ынталандырушы әсер береді.