«Қызылорда облысының 5 елді-мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аясында «Арал» автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) іске қосу рәсімі өтті.

АГТС-ті іске қосу және Арал қаласы тұтынушыларына газ беруге орай өткен салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма Төрағасы (Бас директоры) Қайрат Шәріпбаев қатысты.

Арал қаласын газдандыру биыл мамыр айында басталып, газбен жабдықтау жүйесі мерзімінен екі ай бұрын пайдалануға беріліп отыр. «Қызылорда облысының 5 елді-мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ салған нысандар түгелдей дерлік межелеген мерзімінен әлдеқайда ерте аяқталып жатқанын ерекше атап өту керек.

5 ай ішінде Арал қаласында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан жоғары қысымды жеткізуші газ құбыры тартылып, 293 км қалаішілік газ құбырлары салынды. 2 газ тарату пункті (ГТП), 36 шкафтық газ тарату пункті (ШГТП) орнатылды.

Енді 32 мың қала тұрғыны, 143 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. «Арал» АГТС қуаты өзге де елді-мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті болғандықтан, алдағы уақытта Жақсықылыш, Шижағажәне Жалғызағаш ауылдарына да құбыр тарту жоспарда бар.

«ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма Төрағасы (Бас директоры) Қайрат Шәріпбаевтың айтуынша: «Қызылорда облысының тағы бір ірі елді-мекеніне көгілдір отын келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарын жүзеге асыра отырып, толық сеніммен айтуға болады: жыл сайын Қазақстан өз дамуында жаңа сатыға көтеріліп келеді.

Мемлекет басшысының ұсынысымен жүзеге асырылып отырған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасы Арал қаласының тұрғындарына өте ыңғайлы, экологиялық тұрғыдан таза және аса маңызды тұсы – өте үнемді отын пайдалану мүмкіндігін берді. Жалпы Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ қызметінің арқасында өңірдің 190 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Қысқа мерзім ішінде 1,5 мың км газ құбыры тартылды. Бұл облыстың газбен қамтуда жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.

Нағыз халықтық компания ретінде Ұлттық оператор қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына өз үлесін одан әрі де қоса бермек. Салыстырмалы түрде айтар болсам, егер 2000 жылдары газ тарату жүйелерінің ұзындығы 8 мың км болса, соңғы 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 35 мың км-ге жетті. Магистралды газ құбырларының ұзындығы 2000 жылдары 10 мың км құраса, соңғы 5 жылда ғана шамамен 2 есеге дейін ұзарып, 19 мың км жетіп отыр».

Газға қосылу үшін алғашқылардың бірі болып Арал қаласындағы 10 мектеп, 9 бала бақша, 6 аурухана, 6 мәдениет үйі, 3 спорт мектебі, туберкулез диспансері, №3 өрт сөндіру бөлімі, мешіт, «Қазтелерадио» өндірістік кешені, «Барсакелмес» қорығының әкімшілік ғимараты берді.

Мемлекеттік үдемелі-индустриалдық даму бағдарладамасына енгізілген, құрылысы жүріп жатқан кальциленген сода шығаратын зауытта да табиғи газ пайдаланылады. Бұл ірі нысан 2019-2020 ж.ж. іске қосылады деген жоспар бар.

Ақпарат:
Соңғы 5 жылда 7 мың жаңа үй газ тарату жүйесіне қосылды. Ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес нысандары экологиялық тұрғыдан таза отынға ауыстырылды. 2013 жылы Қызылорда қаласының газ жүйесі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосылды. Бұл қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін қосымша газ көзі. Осылайша облыс орталығында қыс мезгілінде туындайтын көгілдір отын тапшылығы толығымен жойылып, газбен қамтамасыз ету сенімділігі жоғарылады.

ACD_2367

ACD_2385-(1)

ACD_2397-(1)

G12A9470

IMG_6693-(2)

IMG_6804

IMG_6850-(1)

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 55-23-16