Жаңа жыл қарсаңында «ҚазТрансГаз» АҚ Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылын газбен жабдықтау жүйесіне қосты.
Небәрі төрт ай ішінде облыстағы маңызды елдімекендердің бірі — Батыр ауылына газ жеткізіліп, ұзындығы 100 км астам газ құбырлары тартылды, газбен жылытылатын 6 газ станциясының (ГЖГС) құрылысы аяқталды. Іске қосылған нысандар елді-мекеннің 35 мыңға жуық тұрғынын, оның ішінде 7800 жеке тұрғын үйді, 98 көпқабатты үйді, 60-қа жуық әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, Батыр ауылында жүргізілетін газ құбырларының ұзындығы 226 км құрамақ.
Сондай-ақ, Ұлттық оператор Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды және Таушық елді-мекендері арасында салынған жалғаушы газ құбырын іске қосты.
2012 жылдан бастап, Маңғыстау ауданының елдімекендеріне қажетті газ тұтыну көлемі ұлғайып келеді. Тұтынушылар саны да артты. Соңғы үш жылда тұтынушылар саны 5400 абоненттен 6200-ге дейін өсті. Газ тұтыну көлемінің артуына байланысты жылыту маусымында газ тапшылығы да орын ала бастады. Енді Жыңғылды және Таушық елді-мекендері арасында салынған жалғаушы газ құбырының арқасында жылыту мерзімінде орын алатын газ тапшылығы болмайды.
Ұзындығы 30 км полиэтилен құбырлардан салынған құбыр жоғары қысымды «Жетібай — Шетпе» және «Ақтау — Форт-Шевченко» газ құбырларын өзара жалғайды. Осының арқасында Жыңғылды, Шайыр, Тұщыбек және Шетпе елді-мекендеріне қосымша газ жеткізуге мүмкіндік туды. Жалғаушы газ құбырының іске қосылуы — жылыту маусымы кезінде туындайтын газ тапшылығын жояды. Бұл құрылыс жұмыстары да мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының директоры Талғат Қанапиннің айтуынша, «Барлық жұмыстар 2015–2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр. Басты бағытымыз — Маңғыстау облысы бойынша газ жүйелерін модернизациялау, елдімекендерге газ жүргізу жұмыстары. Биылға арналған жобаларымыздың барлығын мерзімінен бұрын аяқтадық. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба аясында, жаңартылатын, жаңадан салынатын газ құбырларының ұзындығы 1125 шақырымнан асатын болады».
Анықтама: 2015 ж. ақпанында «ҚазМұнайГаз» ҰК, АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және Маңғыстау облысының әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес, Маңғыстау облысында, Қазақстан Республикасын газдандырудың 2030 жылға дейінгі Бас сызбасы шеңберінде, жаңа газ жүйелерін салу, жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырларын төсеу, Жаңаөзен қаласында 3 АГТС орнату арқылы жоғары қысымды жеткізуші газ құбырларын салу, «Окарем-Бейнеу» магистралды газ құбырынан Шетпе елді-мекеніне дейін АГТС орнатылған бұрма газ құбырын салу, ауылішілік жоғары және орта қысымды жерасты газ құбырларын төсеу, сонымен қатар ауылішілік төмен қысымды газ құбырларын төсеу көзделген.
«ҚазТрансГаз» АҚ — Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
«ҚазТрансГаз» АҚ-ның
Баспасөз қызметі Тел: 7(7172) 55 23 16