2026 жылғы 10 қарашада Астанада «QazaqGaz Onimderi» ЖШС басшылығының Қытай Халық Республикасының «Сан Бао» компаниясының президенті Kang Heping бастаған делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында «QazaqGaz Onimderi» ЖШС бас директоры Адлет Шакеров Рудный қаласында қуаты жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндіретін зауыт салу жобасын таныстырды. Жобаны іске асыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие және СТГ саласының қалыптасуы мен одан әрі дамуына негіз қалайды.
«Сан Бао» компаниясының президенті Kang Heping компанияның энергетика саласындағы тәжірибесі туралы айтып, оның ҚХР нарығында 34 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын және Орталық Азия елдерінде 60-тан астам жобаны іске асырғанын атап өтті. Жинақталған тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылау барысында ол компанияның Рудный қаласындағы СТГ зауытының құрылысына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын және жобаны іске асыру аясында тәжірибе бөлісуге дайын екенін білдірді.
Тараптар сондай-ақ СТГ-ны газ-мотор отыны ретінде пайдалануға арналған инфрақұрылымды дамыту перспективаларын қарастырды. Атап айтқанда, стратегиялық маңызды көлік бағыттарында, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында автомобильдерге газ толтыру станцияларын салу мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар СТГ өндіру және тиісті газ құю инфрақұрылымын құру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытты.


