30 қыркүйекте Алматы қаласының Көк-Қайнар шағын ауданында QazaqGaz Onimderi брендімен жаңа автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясының (АГТКС) ресми ашылуы өтті. Станция автокөлік құралдарына сығымдалған табиғи газ құюға арналған. Жоба «Almaty Building &Co» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылды.
Жаңа станцияның өнімділігі сағатына 4 400 м³ құрайды. Станция 8 газ құю бағанасымен және 16 газ құю постымен жабдықталған. Бұл тәулігіне 300-ден астам автобусқа қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Үкіметтік бағдарламалар аясында елімізде АГТКС желісін дамыту бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Сығымдалған табиғи газ инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бекітілген жоспар іске асырылуда. Қазіргі уақытта QazaqGaz-тың 6 жеке АГТКС-і және франшиза негізінде жұмыс істейтін 2 станциясы бар. АГТКС желісін одан әрі дамыту аясында келесі станцияны Жаркент қаласында ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келесі жылы тағы бірнеше жаңа АГТКС ашу көзделген», – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов.
«Біздің компания үшін бұл жоба QazaqGaz Onimderi желісін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі болып табылады. Біз Қазақстанның түрлі өңірлерінде заманауи 20-дан астам газ құю станцияларын салуды жоспарлап отырмыз», – деді «Almaty Building &Co» ЖШС негізін қалаушы Мәди Абулғазин.
Жаңа станцияның пайдалануға берілуі газ моторлы отынның қолжетімділігін арттыруға, қаланың қолданыстағы газ құю инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтуға және автокөлік құралдарын сығымдалған табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.